Ашық хат

Қазақстан Президентінің,

парламент депуттарының, Туризм және спорт министрлігінің, Ауыл шаруашылық министрлігінің, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің, Қаржы министрлігінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Алматы қ. Әкімдігі мен саяси партияларының атына

АШЫҚ ХАТ

Алматының оңтүстігінде орналасқан Көк Жайлау шатқалы – жаяу, велосипед, шаңғы және ат туризмімен айналысатын алматылықтардың ең сүйікті жерлерінің бірі. Шатқалға Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарындағы соқпақ жолмен көтерілуге болады. Мұнда отбасымен бірге жүздеген адамдар келеді, кейбіреулері бірнеше сағатқа келсе, кейбіреулері тіпті бірнеше күнге қалады. Іле-Алатау ұлттық бағының қызметкерлері мен белсенді еріктілерінің күш-жігері арқасында, басқа демалыс орындарындағыдай емес, шатқалда қоқыс кездеспейді деп айтуға болады. Мұнда ерекше жылы атмосфера орнаған, таныс емес адамдар бір-бірімен амандасып, әңгіме-дүкен құрады… Олардың көбі бірнеше жылдар бойы бұл жерге жиі келіп тұрады және Көк Жайлауды өзінің туған жеріндей көреді.

Бірақ  жақын арада алматылықтар сүйікті демалыс орнынан айрылуы мүмкін, тыныштық пен көркем табиғаттың орнын алғашқыда құрылыс техникасының гүрілі, одан кейін – тау-шаңғы курорты және жеке жер иеліктерінің тұтас дуалдары алмастырады.

Көк Жайлау шатқалында жаңа тау-шаңғы курортының құрылысын салу мәселесін алғаш рет 2007 жылы Алматы қаласының билік басындағылары көтерді. 2011 жылы қала әкімі А. С. Есімов бұл мәселені қайта жаңғыртты. Көк Жайлау шатқалында шаңғы трассаларының жалпы ұзындығы 50 шақырымнан асатын жаңа халықаралық тау-шаңғы курортын салу, жолаушыларға арналған арқан жолдарының, қонақүйлердің, мейрамханалар, сауда-көңіл көтеру орталықтары құрылысы; автокөлік жолдары, автотұрақтар, электр, газ және су тарту сияқты инфрақұрылым нысандарын құру жоспарланып отыр!  Мұның бәрі мемлекеттің есебінен салынады деп жобалануда! Кейіннен жеке  инвесторлар курортта тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік салады деген топшылау бар!

Туризм және спорт министрлігі республика бюджетінен қаражат бөлу туралы тапсырысты жіберіп те қойған. Парламенттің кейбір депутаттары бұл идеяны қолдаған екен. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға ғана 370 млн.теңге көлемінде қаражат сұралып отыр! Оны «стратегиялық» деп атап, «осы жобаның арқасында біз республика бойынша туризмді дамытамыз» деп мәлімдейді.

Заңнамалық аспектілер

Біздің бұл құрылысқа қарсы шығуымыздың басты себебі – Көк Жайлау шатқалының Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи бағының аумағында орналасуы болып табылады. Бұндай көлемді нысанды салу Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына қайшы келеді және айрықша қорғалатын табиғи аумақтың мақсатымен сәйкес келмейді. Халықаралық табиғат қорғау одағымен қабылданған айрықша қорғалатын табиғи аймақтардың халықаралық классификациясына сәйкес, ұлттық бақтар табиғи жүйе мен рекреацияны сақтау мақсатында құрылады. Оның негізгі міндеттері түрлер мен биологиялық алуан түрлілікті сақтау және экологиялық қызмет көрсету болып табылады. Туризм табиғи ортаға кері әсер етеді, сондықтан ХТҚО-ның пікірі бойынша, ұлттық бақтардың аумағына неғұрлым лайықты туризм түрі бұл – экологиялық туризм.

Ұлттық бақта жаңа курорт құрылысын салу айрықша қорғалатын табиғи аумақтар, табиғатты, су, орман, жер ресурстарын қорғау саласындағы ұлттық заңнамаға ғана емес, сонымен бірге халықаралық заңнамаға, соның ішінде Биологиялық алуан түрлілікті сақтау Конвенциясына да қайшы келеді.

Экологиялық аспектілер

Іле Алатау бағы 1996 жылы құрылған, оның басты мақсаты – бұл Іле Алатаудың бірегей ландшафты мен экожүйесін қорғап қалу.
Дәл осы бақ Алматы тұрғындарын таза ауамен, ауыз сумен қамтамасыз етеді және қалалықтар үшін таптырмас рекреациялық қор болып табылады. Ол қалаға бүтіндей, шаруашылық іс-әрекетпен бұзылмаған табиғи аумақ түрінде өте қажет. Тау-шаңғы курортының қайсысы болмасын экожүйеге, яғни өсімдіктер мен топырақ жабынына, жер бедеріне, су көздері мен атмосфераға айтарлықтай кері әсерін тигізеді. Жаңа курорт та ерекшелікке жатпайды.

Кіші Алматы  шатқалының өсімдіктер әлемі 811 түрден тұрады, соның ішінде 17-сі Қазақстанның Қызыл кітабына енген, 11-і эндемикалық түрге жатады. Көк Жайлау шатқалы әйгілі Сиверс алма ағашы сақталған азғана жерлердің бірі, ол қазіргі мәдени алма ағаштарының көптеген сорттарының түпкі атасы болып табылады және қазір оған жойылып кету қаупі төніп тұр. Құрылыс кезінде және курорттың жұмыс істеу кезінде топырақ және өсімдік жамылғысына зақым келтіріледі, сондай-ақ жүздеген тянь-шань шыршасын амалсыз кесуге тура келеді.

Іле Алатау МҰТБ аумағында 1700-ден астам жануар түрі мекен етеді, оның ішінде құстардың 13 түрі мен 8 сүтқоректі жануар Қызыл кітапқа енгізілген. Қазірдің өзінде бақтағы жануарлардың санын сақтап қалу мәселе туғызып отыр. Тау-шаңғы курорты жануарлар әлеміне зиянын тигізумен қоймай, оны қайта қалпына келтіруге кедергі жасайды.

Курортты сумен қамтамасыз етуге және гольф алаңын суғаруға жылына жүз мыңдаған текшеметр су қажет болады. Қазіргі уақытта шатқалда бірнеше бұлақтар мен ұсақ өзендер бар, олар курортты бұндай су көлемімен қамтамасыз ете алмайды. Ал бұл су бақтың өзіне қажет. Сондай-ақ қала баяғыдан бері су тапшылығын тартып жатқанын ұмытпауымыз керек, ал қалаға арналған су тоғандарының көп мөлшері бақтың осы бөлігінде орналасқан.

Тағы да бір маңызды аспект. Іле Алатау МҰТБ 2000 жылы-ақ Бүкіләлемдік мұра Тізіміне Қазақстан Республикасының атынан енетін нысандар тізіміне енген болатын. Ұлттық бақ аумағында жаңа тау-шаңғы курортын салу Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны қорғау туралы Конвенцияның талаптарына қайшы келеді. Бұл Іле Алатау МҰТБ-тың абыройлы Тізімге кіру мүмкіндігін төмендетеді. Және де тау-шаңғы курортына қарағанда ұлттық бақтың әлемдік мұра нысаны деген атағы шетелдік туристерді анағұрлым көбірек қызықтырар еді.

Сайып келгенде, қазіргі күні еліміздегі осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі теріс нәтиже беріп жатыр. 2007 жылы іске асырыла бастаған Медеу мен Шымбұлақ курорттарын қайта құру жоспары бәріне белгілі.  Оның мақсаты Қазақстанда халықаралық деңгейдегі алғашқы тау-спорт курортын салу болатын. Бұл «Қазақстан экономикасына ұзақмерзімді қолайлы жағдай» туғызады деп болжанған еді. Алайда бұл жоспар толықтай орындалмай, жобаның көп бөлігі қағаз бетінде ғана қалып қойды. Осындай «идеялардың» іске асуы АҚТА аумақтарының құлдырауына әкеліп соғады, жердің  көп бөлігі аз ғана адамдардың қолында қалады, сөйтіп бүкіл экожүйе зардап шегеді. Қала тұрғындарына маңызды рекреациялық орта болып келген Іле Алатау бағының аумағындағы көркем орындар әлдеқашан жекеменшіктеліп, тұрғындар мен туристердің жалпы ұлттық ресурстарды пайдалану мүмкіндігі шектелді!

Экономикалық аспектілер және жобаның жалпы қауқарсыздығы

Әкімдік өкілдерінің өздері жоба екіұшты болғандықтан, жеке   инвестицияларды табу мүмкін емес деп мойындайды. Сондықтан олар республикалық бюджеттен ақша сұрап отыр. Көк Жайлаудағы Күмбел баурайы қар көшкіні жиі болатын қауіпті аймақ. Көк Жайлау алқабын игеру жол және көшкіннен сақтайтын құрылыс салумен байланысты. Ал жазық жерлерге қарағанда таулы аймақтарда жол салу бірнеше есе қымбатқа түседі (мысалы, Альпы тауларында бұл айырмашылық 8 есе деп көрсетіледі). Жер бедерінің күрделілігі, ерекше геологиялық жағдайлар мен адамның шаруашылық іс-әрекеттері сел, көшкін, шөгінділер, мүжілу, эрозия сияқты Іле Алатаудағы физикалық-геологиялық үрдістер мен құбылыстардың қарқынды дамуына себепші болады. Бұл құбылыстардың алдын алуға да көлемді қаражат керек.

Курорт шетелдік туристердің көптеп келуіне ықпалдасады деген дәлел де көңілге қонымсыз. Еуропа елдерінде жоғары сапалы қызмет көрсететін жүздеген тау-шаңғы курорттары бар. Қытайда да, Турцияда, тіпті көршілес жатқан Қырғызстанда да қолайлы бағада әрі жоғары сапалы қызмет көрсететін тау-шаңғы курорттары қарқынды дамып жатыр.  Алматыда, жалпы алғанда еліміздегі туризмді дамыту үшін алдымен күрделі визалық үрдіс, дамыған туристік инфрақұрылымның жоқтығы, түрлі баға деңгейіндегі қонақ үйлердің жетіспеушілігі, әлсіз әуебайланыс, бағасы қымбат, сапасы төмен қызмет көрсету деңгейі, лауазымды тұлғалардың озбырлығы сияқты мәселелерді шешіп алуымыз қажет. Одан басқа, шетелдіктерді біздегі баға үркітеді. Осы және басқа да мәселелердің салдарынан  2011 жылы Қазақстан туризм және саяхат секторындағы бәсекеге қабілеттілік бойынша мемлекеттер рейтингінде 139 мемлекеттің арасынан 93-ші орынды иеленді.

Қоғам мен мемлекеттің мүддесін қанағаттандыру, Алматы облысы аймақтарының, қалалары мен ауылдарының тұрақты даму жағдайы, сондай-ақ олардың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің жұмыс істеуі Іле Алатау табиғи кешенінің жағдайына толықтай тәуелді, сондықтан Іле Алатау ұлттық бағын сақтап қалу анағұрлым пайдалы әрі экономика жағынан тиімдірек болар еді!

Ұсынылатын альтернативалар

Қазіргі уақытта толық қуатымен жұмыс істемей отырған курорттар мен базаларды дамыту қисындырақ болар еді. Алматының төңірегінде «Шымбұлақ», «Ақбұлақ», «Табаған», «Алматау», «Еліксай», «Шыбынсай», «Еңбек», «ТауТұран», «Динамо», Қаскелең шатқалындағы база және басқа да ондаған тау-шаңғы курорттары мен базалар бар.

Еуропалық туристерді Қазақстанға еліктіретіні – бұл Іле Алатау ұлттық бағы сияқты қол тимеген жабайы табиғат аясы. Соңғы жылдары бүкіл әлем бойынша экотуризм дәріптеліп жүр, бұл қоршаған ортаға ең аз мөлшерде әсер ететін туризм түрі. Дәл осы экотуризм Алматы облысының «визит карточкасы» бола алар еді. Бақты дамытудың Бас жоспарында экологиялық туризмді дамыту (ғылыми экотуризм, танымдық экотуризм, бёрдвотчинг, ботаникалық экскурсиялар, видео- және фото экскурсиялар, этникалық туризм және т.б.) ұлттық бақтың негізгі міндеті болып табылады деп жазылған.

Біз Іле Алатау ұлттық бақ аумағындағы Көк Жайлау шатқалында тау-шаңғы курортының құрылысын салудан бас тартуды талап етеміз. Алайда, бұл аумақта туризмді дамытуға қарсы емеспіз, біз (Іле Алатауының бірегей экожүйесіне залалын тигізбейтін) экологиялық туризмді дамытуды, қызмет етіп тұрған тау-шаңғы курорттарын әрі қарай дамытуды қолдаймыз және элиталы туризмнің қоғам ақшасы (яғни, біздің салықтарымыздың) есебінен дамып, мыңдаған қазақстандықтарды үйреншікті демалыс орнынан айырғанын қаламаймыз.

* * *

Қол қойған адамдардың толық тізімін «Жасыл құтқару» Экологиялық Қоғамының сайтынан көруге болады.

 

Следите за нами YouTube RSS