Көк жайлаудағы өткен бір күнім

Студент кезім. Жексенбі күні ұйқымды қандырайын деп едім. 8.30 телефон шыр етті: «Наурзбаева, сылтауың керек емес. 15 минуттан кейін аялдамада бол». Ең жақын құрбым Аида. Біз КазМУ-дың қасында тұрсақ, ол Атакенттің (ВДНХ) ар жағында тұрады. Інімді ояттым, 2-3 тілім нан, термос жолдорбаға тығып, аялдамаға жүгіріп шықтық. Келе жатқан 11 троллейбустен Аида қол бұлғады, ол да әдетінше екі інісін ертіп келген. 80-ші жылдардың басы, «пробка» деген атымен жоқ, 15 минуттан кейін «Қазақстан» қонақ үйдің қасындағы аялдамаға жетіп, Медеуге баратын автобусқа іліндік. «Просвещенецтен» түсіп қалып, Көк жайлауға жолымызды бастадық.

Мамырдың аяғы, бірақ қыс қарлы, көктем суық болды ма, сайда әлі де белден келетін қар жатыр, ал күнгейде жер кеуіп қалған. Соқпақпен біресе қар, біресе мұз, біресе балшық басып келе жатырмыз. Ұйқылы-ояу киінгенім бар, сол кездегі жоқшылығымыз бар, аяғымдағы кроссовкам бұндай жолға жарамай шықты. Бала кезімізде әкеміз тауға көп апаратын, бірақ ол асықпай дайындалып, әр балаға аяк киім таңдап, қосымша аяқ киім, шұлық жолдорбасына салатын еді. Ал біз дайындықсыз тауға шығып кеттік. Аяғым тайып келе жатырмын. Ауа суық болса да, етіміз әптен қызып, қарағайдың шайыры аңқыған ауаны сіміріп жайлауға жеттік. Күншуақ жерге дастарханымызды жайып, шай ішіп, құрбымен өмір мағынасы туралы біраз әңгіме айттық. Ғажап: күнгейде көбелек, ара, шыбындар ұшып, ал інілеріміз теріскейде қармен ойнап шапқылап жүр. Таудың үнсіздігінде дауыстары жаңғырып жатыр. Түтін басқан қалаға қайтқымыз келмейді, бірақ суи бастады. Кері тарттық.

Төмен келе жатып, мен жаман кроссовкамның кесірінен әптен қиналдым. Бір-екі аттаймын да, жығыламын. Тұрамын, екі-үш қадамнан кейін тағы жығылам. Осындай жүрістен әптен шаршадым. Құйрықпен сырғанайын десем, күні бойы соқпақпен әрі-бері жүрген жұрт балшықты аяғымен әптен ілеген, еріп жатқан қардың астынан тас көрінді. Амал жоқ, ертегіде айтылғандай тұрам да жығылам, тұрам да жығылам. Аида қасымда келе жатыр, інілеріміз бізге қарамай, етекке түсіп кетті.

Бір кезде етектен жайлау жаққа келе жатқан бір топ қазақ жастар көрінді. Киімдері тауға арналмаған. Жігіттер ыстықтап, күртелер ағытып, қыздардың етегі шолақ, өкшелері биік, күліп келе жатыр. Бізбен беттесіп, «Орбита алыс па?» деп сұрайды. «Қайдағы Орбита?» – «Бізге осылай жүрсеңіз, Орбитаға баратын 28 автобустың аялдамысына шығасыз деді. Дұрыс па?» – «Солайын солай ғой. Бірақ ол өте алыс. Көк жайлауға жетесіз, сосын жайлаудан басқа жолмен түсесіз». – «Уақытымыз бар, кеттік». – «Адасып кетпеңіз. Жайлауда жолыңызды сұрап анықтаңыз», – деп тәжіребелі турист ретінде ақылымызды айтып жатырмыз. Олар бізге қарамай шапшаң кетіп бара жатыр. Қыздардың жырта қарыс үшкір өкшелері альпенштоктан кем емес, қарға шаншылады, тайғанамайды. Мә, тауға осылай шыққан дұрыс екен деп, біз Аидамен бір күліп алып өз жолымызбен кеттік.

Тағы да бір құлап, әптен шаршаған мен, тұруға асықпай, құрбыма «Неткен сұлулық, айналамызға қарашы» деп симпозиум аштым («симпозиум» деген сөздің алғашқы мағынасы – «жанбастап жатым әңгіме айту»). «Табиғатпен етене жақындаған екен», – деп құрбым жауап қатты. Балшықта жатқан мені айтып тұрған десем, олай емес болып шықты.

Төменнен бір орыс кемпір келе жатыр. Әккі турист. «Штурмовка» дейтін шөп түстес күрте, аяғында қонышы биік турист қара бәтіңке. Бірақ бұтында… Бұтында «торай түстес» (ия «шошынған су перісінің қызы түстес») жылы рейтуз дей ме, панталон дей ме, кадімгідей дамбал. Есіңізде болса, ол кезде дамбал түгілі, шортымен теқ қана балалар жүретін еді. Жастардың өзі көшеге шорты кимейтін. Ал мынау кемпір дамбалмен жүр. Ауызымыз ашылып қарап жатырмыз. Бізбен беттескенде, кемпіріміздің ұялып тұрғанын байқадық. Байғұс «Шалбарымды көрмедіңіз бе?» деп сұрайды.

Былай болған екен. Турист-апаймыз аяғын күнге қыздырайын деді ме, ыстықтады ма, шалбарын шешіп, жолдорбаның аузына бекітіп тастаған. Және соқпақпен жүрмей, сайда адам азырақ жүретін жерде әрі-бері жалғыз жүрген. Саңырауқұлақ, жидек әлі жоқ, байшешек терді ме, білмеймін. Сөйтіп күні бойы жүріп, үйге қайтатын болады. Тау етегіне түсіп, тасжолға жақындағанда, киінемін десе – жолдорбаның бауы ағытылған, шалбары жоқ. Бір жерде түсіріп алған. Шаршаған апай тауға қайтады, шалбарын іздейді. Күні бойы соқпақпен жүрсе – табылатын еді. Ал тыңмен пәленбай сағат жүргеннен кейін, қайдан табылсын. Шарасыздықтан қалаға қайтып келе жатқан адамдардың бәрінен шалбарын сұрайды. Мейірімді жандар сайды әрі-бері аралап, шалбарын іздейді. Кемпіріміз: «Табылмаса, қараңғы түскенше ну бұтаның арасында отырам, сосын жаяу қалаға барам» деп тұр.

Біздің жағдайымыз біреудің шалбарын іздеуге келмейді, өзімнің да шалбарымның быт-шыты шыққан, қалада осындаймен қалай жүремін деп қиналып келе жаттым. Тілектестігімізді білдіріп, жүре бердік. Кемпірдің жағдайына қарағанда, менікі айналайын екен.

Етекке түскенде, бүкіл сай «урааа»-ға толды. Кемпірдің шалбары табылған екен. Туристтер бір бірінен сүйінші сұрап, мәз болып, аялдама жаққа ағылды…

Достар, қоғамда талқыланып жатқан көптеген мәселелердін анығын мен де білмеймін, сіздер де білмейсіз. Аблязов ұрлады ма, Аблязовты тонады ма? Киевтегі Майданның аяғы не болар? Т.с. толып жатқан оқиғалар туралы мен пікірімді айталмаймын, өйткені нақты мәлімет қолымда жоқ. Ал Көк жайлауға келгенде, менің өз пікірім бар. Өйткені сол жайлауға бала кезімде, жас кезімде жүздеген рет шықтым. Қыста шанамен Орбита жаққа сырғанайтын едік, жазда таңқұрай, қойбүлдірген теріп, мұрын жарған гүлдердің иісімен дем алып, тынығып келетін едік. Шымбұлақта өмірі болмадым. Ол жерге бару үшін қалтаң қалын болу керек. Ал Көкжайлауға келіп-кетуге 200 теңгеңіз жетеді. Керек болса, қаладан жаяу да жетуге болады. Бәрімізге тынығып қайтуға болатын жер.

Өкінішке орай, қазақтар әзірге тауға көп бармайды. Отағамызды жолдорбаға қазы-қарта салып тау жаққа 1-2 рет шығарғаным бар. «Неткен сұлулық, неткен керемет. Алатау үшін ата-бабаларымыз қалмақпен бекер соғыспаған екен. Енді апта сайын келіп тұрамыз» — деп жырлайды, сонымен қалады. Бірақ ерте ме, кеш пе, қазақтар да тауды аралау адамдың денсаулығына, жүйкесіне, санасына қандай зор пайда алып келетінін түсінеді деп сенімдімін. Сол кезде бізге қаланың маңында ең жақын серігіп қайтатын жерге – Көк жайлаумызға – жол ашық бола ма?

Құрбымды өмірлік жолы басқа жаққа алып кетті, казір алыста. Бірақ сенімдімін: қартайғанда, екеуіміз немерелерімізді алып, Көк жайлауға барамыз, күншуаққа я керісінше қарағай түбіне дастарханымызды жайып, өмір туралы әңгіме айтамыз, жас кезімізді еске түсіреміз. Осы айтып берген күнді де…

 

Зира Наурзбаева.

 

Следите за нами YouTube RSS